Қызылорда да 66 жыл сақталған «ит көйлек» бар
Қызылорда да 66 жыл сақталған «ит көйлек» бар

Сенесіз бе, Тұрғанкүл Айдарова әженің дүние есігін ашқан тұңғышына кигізген «ит көйлеті» сақтағанына 66 жыл болыпты. Оны енесі тігіп берген екен. Содан бері оның он екі перзенті  бірінен кейін бірі киіпті.

- Он екі құрсақ көтерсем, соның тоғызы көз алдымда жүр. Ұл-қыздарымның бәрі «ит көйлекті» кигендіктен иістері сіңді. Қазір оны немерелеріме жастап жүрмін,-деді абыз ана.

Иә, 1952 жылы басталған ит көйлек «эстафетасы» 1973 жылға дейін жалғасыпты. Осы жылдар аралығында перзенттері қырқынан шыққанша кигізген  екен.

Сәбидің қырқынан шығарылғанша киген көйлектің тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп қана тігілген. Кейде ит көйлекті көп жасаған адамның киімінің қалдығынан да тіккен. Етегін, шеттерін бүкпей, кең, үлкен етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеуден туған. Жалпы, иткөйлекке байланысты ырымдар көптеп кездеседі.

Бірде Тұрғанкүл әженің алыс туыстарының баласының басы дауға қалады. Амалдары таусылған ағайынның бірі иткөйлектің шетін жыртып әкетеді. Содан не керек, әлгі кісі бәле-жаладан аман-есен құтылыпты.

Әлімсақтан қалған аңыз бойынша, Алла тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Иттің үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүреді екен. Кіндік балшығынан жаралған соң, алғашында оның терісі түксіз, жалаңаш болыпты. Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Ібіліс Адамға жақын келіп:

-Алла сені несіне жаратқан?! Түрің құрысын!-деп, адамның бетіне түкіріп жібереді.  Сол сәтте ит Адамды қорғап, Ібіліске тап береді. Ібіліс итке ашуланып, қаһарын төгеді. Ібілістің қаһары асып түсіп, ит тоңып өледі.

Алла тағала иттің ерлігіне  риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді. Ал Ібіліс Адам бетіне түкіргендіктен, адам әр түрлі кеселге шалдығатын болыпты.

Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болыпты. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған екен. Жаңа туған баланы да пәле-жаледен  қорғасын деп ит көйлек кигізіп ырымдау содан қалыпты.

Жалпы, ит көйлек кигізу тарихы Адам ата мен Хауа ана заманынан басталыпты. Шиш пайғамбар дүниеге келгенде көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Себебі, ақырдың абзал пайғамбары Мұхамбеттің нұры Шиш пайғамбардың беліне көшкен еді. Ата-анасы қуаныш сыйлаған ұлына ит көйлекті кигізіпті. Содан бері адамзат баласына ортақ мұра ретінде келе жатыр екен.

Тұрғанкүл әжей 66 жыл сақталған ит көйлектің киесі немере-шөберелерін жамандықтан қорғайтынына сенеді. Міне, қарт ананың «алтындай сақтап» отырған ит көйлегінің мәні осында...

 Ерболат ТҰРСЫНҚОЖА

тарих, аңыз, әже, апа, Адам ата, Хауа ана, Ерболат Тұрсынқожа, ит койлек, ит көйлек
Ерболат ТурсынкожаЕрболат Турсынкожа
6 жыл бұрын 7962
0 пікір
Блог туралы